Лондон-2012: Үш секіріп қарғушы Ольга Рыпакова іріктеу сынынан өтті

Үш мәрте секірген спортшымыздың нәтижесі - 14,79 метр. Оның бұл көрсеткіші әзірше спортшылар арасында көшбастауға мүмкіндік беріп тұр. Ақтық сын 5 тамыз күні өтеді. Осы сайыс түрінен жарыс жолына шыққан тағы бір спортшымыз Ирина Эктова 13,39 метрге секіріп, 31-ші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова ағымдағы жылы Нью-Йоркте өткен «Брилиантты лиганың» алтыншы кезеңінде бірінші талпыныстан-ақ 14,71 метрге секіріп, рекорд жаңартып, алтын медаль иеленген болатын. Сонымен қатар Ольга осы лиганың Дохада өткен бастапқы кезеңінде де 14,33 метр нәтижемен «алтын» олжалаған-ды.