Лондонда өткен ХХХ Олимпиада Ойындарында Қазақстан он екінші орынға тұрақтады

Әлемдік додада біздің спортшыларымыз иеленген 13 медальдің ішінде 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль бар. «Алтынды» ел қоржынына велошабандоз Александр Винокуров, зілтеміршілер - Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Илья Ильин, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және бокс шебері Серік Сәпиев салған болатын.

Қазақстандық жанкүйерді қола медальмен қуантқандар: грек-рим балуаны Даниал Гаджиев, боксшы Марина Вольнова, еркін күрес балуаны Гөзал Манюрова мен Ақжүрек Таңатаров, боксшы Иван Дычко еді. Жалғыз күміс медаль иегері былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетовке бұйырды.
Спортшылар Олимпиада қарсаңында 13 медаль аламыз деген уәдесін орындады. Ел қоржыны олар уәде еткен 3 емес, 7 бірдей «алтынға» толықты. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында 22-ші орынды қанағат тұтқан еліміз әлемдегі үздік 20 елдің қатарынан көрінді.
Сонымен ұлы жарыс аяқталды. Қазақ елін әлемге танытқан бұл Олимпиаданың қазақстандықтар есінде ұзақ уақыт сақталатыны анық.