Луговое ауылындағы жер сілкінісінен қирап қалған үйлерді қалпына келтіруге атсалысқан Екібастұздық "Жан и К" фирмасының басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жер сілкінісінен қирап қалған ауылды қалпына келтіру жұмыстары 2003-жылдың маусым-қазан айлары аралығында ҚР үкіметінің "Жамбыл облысындағы әлеуметтік маңызды нысандарды қалпына келтіру және жер сілкінісінің залал-зардаптарын жою шаралары жөніндегі" қаулысына сәйкес жүзеге асырылған. Луговое ауылындағы құрылыс жұмыстарына Екібастұздық үш фирма, атап айтсақ, мердігер ретінде "Жан и К" ЖШС, ал субмердігерлер ретінде "Әке" және "Серпіліс" ЖШС-тері қатысты. Алайда, субмердігерлік ұйымдардың 40-қа жуық құрылысшысы жұмыс аяқталғаннан кейін жалақысын ала алмады. "Жан и К" ЖШС-нің субмердігерлер алдындағы берешегі шамамен 3 млн. теңгені құрайды.

В.Набитовскийдің айтуынша, "бас мердігер "Павлодарқұрылысжолы" ЖШС мен "Жан и К" ЖШС арасындағы келісім-шартына сәйкес аталмыш қаржыны бас мердігер толық көлемде өтеген. Алайда, субмердігерлік ұйымдардың белгісіз себептермен қаржыны толық көлемде ала алмауы салдарынан жұмысшыларға жалақы берешегі түзілді".
Екібастұз қалалық ІІБ-нің хабарлауынша, субмердігерлік "Әке" және "Серпіліс" ЖШС-нің басшылары мен фирма жұмысшыларының арызы негізінде "Жан и К" ЖШС-нің директоры мен атқарушы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, В.Набитовскийдің айтуынша, облыстағы фискалдық мекемелер "Жан и К" ЖШС-нің қаржыны артық көлемде жұмсап жіберу себептерін тексеруде.
Павлодар облыстық бюджетінен Луговое ауылында үйлер салуға арнап 115 млн. теңге бөлінген. Үйлер толық салынып, пайдалануға берілді.