Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:
-Жалғыз Ресейге қарап сыйынып отыратын жағдай жоқ. Бауырлас ел болса да айтайын. Көріп отырсыздар, саудасы шайқалып жатыр. Артынан бізді де құрдымға сүйрейді. Бұрын өнімдеріміздің 85 пайызы Ресейде саудаланатын, қазір екі есеге түсіп кетті.
Сондай-ақ, Лукашенко Ресей рублінің артынан Беларусьтың ұлттық валютасын да девальвациялауға жол бермейтінін айтып отыр. Себебі билік халыққа берген уәдесінде тұруы тиіс. Беларусь басшысын НАТО әскерінің шекараға жақын тұста шоғырлануы мазалап жүр екен. Солтүстік атлантикалық альянстың әскери базалар қазір Польша мен Балтық елдері аумағында орын тепкен. Ресей мен Батыс елдері арасындағы санкция, тіпті әскери теке-тірес үшін Беларусь зардап шекпеуі тиіс дейді Лукашенко. Бұл ретте Кремльдің ұстанып отырған саясаты президенттің көңілінен шығып отырған жоқ.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:
- Біздің мемлекетке қауіп-қатер тек экономикадан келуі мүмкін. Себебі бұл сала кез- келген ел үшін маңызды рөл атқарады. Біз экспорттаумен айналысатындықтан жағдайдың тезірек шешілуін сұраймыз. Белорусь күш қолдану арқылы айтқанын жасатуға жол бермейді. Ядролық қаруымыз жоқ болса да, біз өз егемендігімізді қорғай аламыз.