М. Таривердиев атындағы VII Халықаралық органшылар конкурсының алғашқы азиялық туры Астанада өтеді

Осымен жетінші рет өтіп жатқан конкурстың Азия турына Қазақстаннан жеті және Корея Республикасы мен Жапониядан бір-бір үміткерден қатысады.

«Микаэл Таривердиев мейірімділік қорының» президенті, конкурстың арт-директоры Вера Таривердиеваның айтуынша, бұның алдында Мәскеуде, Канзас пен Гамбургте конкурстың америкалық және еуропалық турлары өткен. Екі күнге созылатын Астанадағы кезең аяқталысымен Ресейдің Калининград қаласында байқаудың ақтық сыны басталады.

В. Таривердиеваның атап өткеніндей, аталмыш байқаудың тарихында азиялық тур тұңғыш рет өткізілгелі отыр және оның Астанада ұйымдастырылуына ҚР Президенті Н. Назарбаев тікелей атсалысқан.

«Астана - Қазақстанның жас елордасы ретінде, қарқынды даму жолына түсіп, жаңа идеялардың ошағына айналған қала ретінде азиялық турдың өткізілу орнына өте лайық деп таптым. Сондықтан мен Елбасыға байқауды өткізу жөнінде ұсыныс жолдаған болатынмын. Көріп отырғанымыздай, ол ұсыныс жолда қалған жоқ», - дейді В. Таривердиева.

«Мен азиялық турды өткізу жөніндегі арманымды, ұсынысымды жерге тастамаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін», - дейді ол.

М. Таривердиев атындағы халықаралық байқауда әлемнің танымал органшылары - Джеймс Дэвид Кристи (АҚШ), Окубо Наоми (Жапония), Ғабит Несіпбаев (ҚР), Лада Лабзина (РФ) қазылық етпек. Шара ұлы сазгердің мерейтойына арналған «Аз и Я» концертімен тәмамдалады.

Еске сала кетейік, биыл 15 тамызда көпшілікке танымал «Көктемнің он жеті сәті», «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» фильмдеріне және тағы да 130 кинофильмге музыка жазған сазгер Микаэл Таривердиевтің туғанына 80 жыл толды. Таривердиев орган музыкасымен қатар, камералық вокалдық циклдер, балет, опера жанрында да жазған.