Мадридте туризм саласындағы 31-Халықаралық FITUR-2011 көрмесі өтті

Аталған көрмеге әлемнің 166 мемлекеті мен аймақтары, сондай-ақ 10,5 мың компаниялар қатысты. Көрмеге Қазақстан атынан ҚР Туризм және спорт министрлігі, облыстардың туризм басқармалары және отандық туроператор компанияларының өкілдерінен құралған арнайы делегация қатысқан болатын.

Әлемдік маңызы бар іс-шараның салтанатты ашылуына қатысқан Испания Патшайымы София әлемдік және жекелеген мемлекеттер экономикасында орын алып отырған бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шешудегі туризмнің маңыздылығын айрықша атап өтті.

Көрме барысында «Қазақстан Республикасының туристік мүмкіндіктері» атты ресми таныстырылым өткізіліп, еліміздің бай туристік әлеуеті әлем жұртшылығы назарына паш етілді.

Оның ауқымында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Испаниядағы Елшісі, Дүниежүзілік туризм ұйымындағы ҚР-ның өкілі Ерғали Бөлегенов мемлекетіміздің туристік индустриядағы мүмкіндіктеріне баға беріп, бұл саланы дамытуда мемлекеттің қола алып жатқан шаралары туралы әңгімеледі.

Аталған шара аясында отандық туроператорлар еліміздің туристік әлеуеті мен туризмді қарқынды дамытудың негізі саналатын Қазақстанның туристік ресурстары жөнінде кең көлемді ақпарат таратып, фотокөрме ұйымдастырды, елдің тартымды туристік келбеті мен беделін қалыптастырудың алғышартын жасауға септігін тигізді.


Сондай-ақ көрме барысында қазақ туризмін насихаттау мақсатындағы деректі фильм көрсетіліп, арнайы ақпараттық кітапшалар таратылды.

Қазақстан халықаралық туризм көрмесіне осымен дәстүрлі түрде бесінші рет қатысып отыр.