Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ұлттар лигасындағы масқараға бірнеше себептің барын айтқан еді. Ол тіпті бұрынғы бапкердің намысына тиді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тіпті, «маған дейін команда қараусыз қалған ұжымдай еді, мен келіп реттеп жатырмын» деген де болатын. Мұндай сөзді ол Норвегимен болған матчтан кейін айтты. Сол матчты Черчесов шәкірттері 0:5 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Бұл туралы Оңғар Қабден жазды.
Станислав Черчесовтың осы сөзі Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиевке ауыр тисе керек.
«Қазақстан құрамасы Черчесов келгелі бірде-бір гол соға алған жоқ. Бұл әрине, өкінішті жайт. Ол бапкер болып келгенде көп үміт күттірді. Алайда, жанкүйерлердің бұл үміті ақталған жоқ. Түсінемін, қарсыластары мықты болды. Бірақ, мықты қарсыласпен ойнайтын кезде жақсы ойын тәсілін ойлап табуың керек. Олай болған жоқ. Мен бас бапкер болған кезде де Қазақстан құрамасы Еуропаның мықты құрамалары ұтты.
Мен Станислав Саламұлын құрметтеймін. Бірақ, оның қараусыз қалған команда туралы айтқан сөзі менің көңіліме тиді. Оның пікірінше, мен және федерация ол келгенге дейін мүлдем жұмыс істемегенбіз ғой?! Әрине, бұл оның жеке пікірі. Бірақ, біз Әділет Бәрменқұловпен бірге соңғы екі жылда айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеттік. Қалай болғанда да, мен Қазақстан құрамасына бұдан кейін де жанкүйер боламын. Черчесов сөзден іске көшіп, тезірек команданы жеңістерге жетелесе екен деп тілеймін. Егер оның жетістігі менің жетістіктерімнен асып түссе мен тек қана қуанамын», - деді Адиев.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында алты матч өткізіп, оның бесеуінде жеңілді және бірінде тең ойнады. Черчесов шәкірттері осы алты ойында өз қақпасына 15 гол жіберіп, қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмады.