Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Тележүргізуші журналист Жанерке Сейфуллинаға сұхбат беріп, жан сырын ақтарды.
Адамды жетелейтін - намыс, намыс жоқ жерде, адам жоқ - Дана Нұржігіт
"Өзіңізді тыңдаңызшы, қазіргі мәнсіз өмірдің мәнін беретін не нәрсе? Билікке ұмтылған кезде адам, жалғыздыққа дайын болуы керек. Бұл үшін нені құрбан ете аламын? Маған үлкен биліктің қажеті жоқ. Ол менің атамнан қалған мұра емес.
Мен әскерге барғандай барып келдім, еңбек еттім. Қызметтен кеткенім емес, мен басымдағы әбден мені әбігерге салған, шаршатқан, сотқа дейін апарған оқиға болды.
Табиғаты бұл қылмыстың оңай шешіле қоятын, ашыла қоятын мәселе емес. Өйткені ол - процесс. Осыны мен бастамашы ретінде, қоғамның атынан жоғарыға жеткіздім. Күрес! Тап жолды! Адамды жетелейтін - намыс! Намыс жоқ жерде, адам жоқ.
Біреудің алдында басыңды жығып бересің бе, олай болса, тұр да, күрес!", - деді ол.
"Бақыт па, жетісті пе": тележүргізуші баласынан күйеуге шыққаны үшін кешірім сұраған
Тележүргізуші баласынан тұрмысқа шыққаны үшін, кешірім сұрағанын жасырмады.
"Мен баламнан күйеуге шыққаным үшін, кешірім сұрадым. Бірақ балам, "не үшін?" деді. "Мен күйеуге шыққаным үшін" дедім. "Сіз кінәлі емессіз, сіз жай ғана бақытты болғыңыз келді ғой" дейді. Бірақ мен сіз сияқты өмір сүргім келмейді", - деді.
Сталкинг туралы заң: Дана Нұржігіт жоғары жаққа нені жеткізді?
Естеріңізде болса, Қазақстанда сталкинг 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап жеке қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылған болатын. Осылайша, тиісті норма Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 16 шілдедегі №210-VIII Заңын қабылдағаннан кейін енгізілген еді.
Сондай-ақ, елімізде сталкинг құрбаны жалғыз Дана Нұржігіт болмағанын еске саламыз. Мәселен, ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша Петропавлда әйелді 1,5 жылдан астам уақыт бойы бұрын қарым-қатынаста болған 37 жастағы ер адам аңдыған. Ол әйелмен қайта-қайта байланысуға тырысып, соңынан аңдып жүрген. Әйелдің айтуынша, бұл жағдай оның қалада еркін жүруіне және адамдармен қарым-қатынасына әсер еткен. Ер адамға қатысты іс сотқа жетіп, бұл Қазақстандағы сталкинг бойынша алғашқы сот үкімі болды.
Сол сияқты Алматы облысында ер адам әйелді жүйелі түрде мазалаған. Ол WhatsApp және Telegram арқылы қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Әйел оны бұғаттағаннан кейін де банк шотына ақша аударып, хабарлама жолдаған. Сот оны сталкинг үшін кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алды. Бұл - цифрлық сталкингтің мысалы.