«Маған айтпаған». Әнші Тахмина Әшімбекова өзекті өртейтін құпиясымен бөлісті

Бұл туралы ол «Менің өмірім» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

«Азия дауысы» байқауына қатысып жаттым Алматыда. Қарасам әпкем жүр. Әкемнің үлкен қарындасы. Сені көруге келдім деді. Содан байқау бітті, дипломымды алып, үйге қайтып келе жаттық. Жолда әпкем қайта-қайта көзіне жас алады. Не болды десем, жай көзім жасаурап кетті, жас шығатын болыпты деді. Содан үйге келдік, келсем бәрінің көңіл-күйі жоқ. Анамды қатты сағынып келдім. Бәрімен амандасып, анам қайда деп едім, сені телевизордан көрем деп Таразаға кетті деді. Үйге кіріп отырған кезде ғана көршілер келіп, анаң марқұм болып кетті деп көңіл айтып, естіртті. Төбемнен таспен ұрғандай болды.

Сөйтсем анамның қайтыс болып, жетісі де өтіп кетіпті. Маған айтпаған. Барлық ағайындар жиналып айтқан, жейтін наны ғой, сонша дайындалды ғой, айтпай-ақ қойыңдар деген. «Азия Дауысы» деген ол кезде көп әншілердің арманы еді ғой. Сөйтіп анамды көрмей қалдым», деді әнші Тахмина Әшімбекова.