"Маған лайк керек!": TikTok-қа видео түсіремін деп құрбан болғандар

Сүйегіне дейін күйіп кеткен

Биыл шілде айында Шымкентте болған оқиға халықты дүр сілкіндірді. 15 жастағы қыз теміржол өткеліндегі қорғаныс торына мініп алып, смартфонға түскісі келген. Ал секіріп қалған кезде шашы электр желілерге тиіп кетті. Кернеуі 27 мың вольт болатын тоқтың қатты соққаны сонша, жас қыздың үстіндегі киімі жана бастады. Өзі сүйегіне дейін күйіп қалған.

Куәгерлердің айтуынша, мектеп оқушысы TikTok-қа видео түсіремін деп, қауіпті торға шығып алған. Оның жанында болған құрбылары да зардап шекті.

Осы оқиғаны көрген адамдар қызға бірден көмек бере алмады. Барлығы тоқтан қорқып, торға жақындамай тұрды. Құтқарушылар келіп, электр желілерді сөндіргенше жасөспірім бір сағаттай қиналып жатқан.

Видео түсірген досы тергеуге алынды


Ал Ресейде танымал болған TikTok блогер Степан Морков кезекті трюк жасаймын деп, абайсызда қазаға ұшырады. Сәуір айында ол ағасымен бірге кезекті видеосын түсірген. Жас жігіттер дәретхана қағазынан бір жарым метрлік мұнара жасаған. 23 жастағы блогер соның үстіне мініп алды. Ал ағасы мұнараны көлікпен соққан. Сценарий бойынша Морков автомобильден аттап секіруге тиіс болған. Алайда көліктің төбесіне соғылып, асфальтқа құлаған. Блогер сол жерде тіл тартпай кетті. Ағасы тергеуге алынды.