Ұлттық статистика бюросы отбасылар туралы деректерді жинаудың жаңа әдістемесін бекітті. Мемлекет қанша отбасы құрылғанын емес, нақты кім некеге тұрғанын, немесе ажырасқанын білуге көшті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Свидетель.кз арнасының мәліметінше бүгінге дейін статистика тек некелер мен ажырасулардың жалпы санын ғана есептейтін. Енді неке немесе ажырасу тіркелген кезде жаңа жүйе автоматты түрде азаматтың аты-жөнін ғана емес, әлеуметтік портретін де анықтайтын болады.
Атап айтқанда, статистика адамдардың білім деңгейін де есепке алмақ. Сонымен қатар этносаралық некелер мен ажырасулар бөлек есепке алынатын болады. Бұл неке нешінші рет тіркеліп отыр және адамның бұрынғы отбасылық мәртебесі қандай болғанын да, некеге тұру кезіндегі жас және ажырасу сәтіндегі жас та тіркелетен болады.
Ажырасудың анатомиясы
Отбасының бұзылу статистикасына ерекше назар аударылады. Деректер тікелей сот шешімдерінен және АХАТ органдарынан алынады.
Талдау барысында мыналар қарастырылады:
- Ортақ өмірдің қай жылында ажырасуға жиі өтініш беріледі (әйгілі «үш жылдық дағдарыс» немесе «жеті жылдық дағдарыс»);
- Адамдар қай жаста өмірді жаңадан бастауға жиі шешім қабылдайды.
Бұл не үшін қажет?
Қағаздағы есеп үшін емес. Осындай терең талдау әлеуметтанушыларға көптеген маңызды сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. Мысалы:
- «Аралас некелер шынымен де берік пе?»
- «Жоғары білім отбасының тұрақтылығына әсер ете ме?»
- «Қазақстандықтар Еуропадағыдай кеш үйлене бастады ма?»
Жаңашылдық қызығушылықтан ғана туындап отырған жоқ. Ауқымды деректерді жинау арқылы мемлекет іс жүзінде “қоғамның ұясына” аудит жүргізіп, өз шығындарын қалай түзету керегін анықтайды.
Мемлекет деректерді қалай пайдаланады?
Егер статистика қазақстандықтардың кеш үйлене бастағанын көрсетсе, (23 жаста емес, 28 жаста), бұл ипотекалық бағдарламалардың шарттарын қайта қарау қажеттігін білдіретін белгі. Егер жастар ерте үйленбесе, онда «жас отбасыларға арналған» (25 жасқа дейінгі) бағдарламалар тиімділігін жоғалтады. Демек, жас шегін өзгерту немесе шарттарды жаңарту керек.
Статистика тағы бір маңызды жағдайды көрсетеді. Егер адамдар кеш отбасын құруға ниеттенсе, балалар саны да азаяды деген сөз. Егер «еуропалық үлгідегі неке» (30 жастан кейін) тұрақты үрдіске айналса, бірнеше жылдан кейін туу көрсеткіші төмендейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ведомстволар 20 жылдан кейін салық төлейтін азаматтар азайып, зейнеткерлерді асырайтын адам жетіспеуі мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан қазір зейнетақы жүйесін өзгерту немесе балаларды ертерек дүниеге әкелуге ынталандыратын жаңа жәрдемақылар енгізу қажеттігі туындайды
Ажырасу — толық емес отбасылардың пайда болуына әкелетін басты себеп, ал мұндай отбасылар кейін мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек сұрайды.
«Қауіп тобы» белгілі болған жағдайда (мысалы, жоғары білімі жоқ ерте некелердің 80 пайызы бұзылады), мемлекет сол санатпен нақты, бағытталған жұмыс жүргізе алады. Немесе, керісінше, бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін ажырасу рәсімін қатаңдату туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Әлемдік тәжірибе
Ұлттық статистика бюросының жаңа әдістемесі ЭЫДҰ елдерінде қабылданған стандарттарға негізделген. Аталған елдерде ажырасумен күресу үшін оның себебін де, әлеуметтік портретін де біледі.
Өркениетті елдердің бәрінде АХАТ органдарының деректері әлеуметтанушылар үшін негізгі зерттеу көзіне айналған.
АҚШ
Америкада неке мен ажырасу статистикасы — ерекше маңызға ие сала. Ерлі-зайыптылардың білім деңгейі туралы деректер ұзақ жылдар бойы жиналғандықтан, әлеуметтанушылар әйгілі «білімдік градиентті» анықтады.
Жоғары білімі бар әйелдер колледж бітірмегендерге қарағанда екі есе сирек ажырасады. Статистика жоғары оқу орнының дипломы ажырасудан қорғайтын ең сенімді «сақтандыру полисі» екенін дәлелдеді.
Еуропалық одақ
Еуростат «некенің ұзақтығына байланысты ажырасу» көрсеткішіне ерекше мән береді.
Егжей-тегжейлі деректердің арқасында олар нақты қауіпті кезеңдерді біледі. Мысалы, Италияда ажырасудың шарықтау шегі ортақ өмірдің 18-жылына, ал Францияда 5-жылына сәйкес келеді.
Бұл мемлекетке дәл сол «қауіпті кезеңге» жеткен отбасыларға отбасылық психологтар мен әлеуметтік жарнаманы бағыттауға мүмкіндік береді.
Жапония мен Корея
Азия елдерінде этносаралық некелерге ерекше назар аударылады.
Бұл - ұлттық қауіпсіздік пен демография мәселесі. Статистика ерлі-зайыптылардың бірі шетелдік болған отбасылардың қаншалықты тұрақты екенін қадағалайды, соның негізінде интеграциялық бағдарламалар әзірленеді.