Майданға аттанған әрбір екінші қазақстандық соғыс даласында қалды - Е.Есімов


Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шара басталды.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін және қала тұрғындарын осы ұлы мерекемен құттықтады. 

«Ардақты ардагерлер, құрметті қауым! Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығыменен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі қасиетті Жеңіс күні халқымыз үшін ерекше, мерейлі күн! Бұл - Жеңіс соғысқа аттанған қайсар рухты майдангерлердің қайтпас ержүректілігі мен елдегі тыл еңбеккерлерінің маңдай тері еңбегінің жемісі. Ұлы Отан соғысының қасіреті бүкіл елімізге, әрбір отбасына өте ауыр тиді. Майданға аттанған әрбір екінші қазақстандық соғыс даласында қалды. Осы Жеңіс кейінгі ұрпаққа ашық аспан мен бейбіт өмір сыйлады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Ұлы Жеңіс бізге қаны мен термен келді. Біз батыр бабаларымызды ұлықтап, есімдерін ұрпақ жадында жаңғырта беруіміз керек. Еліміздегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері қашан да Елбасының жеке назарында және Мемлекет қамқорлығында», - деді А. Есімов.

Осыдан кейін Қазақстанның Республикасының әнұраны орындалып,  Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі басталды.

Ахметжан Есімов бастаған Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, Қазақстан қарулы күштерінің, Ауған соғысының ардагерлері, дипломатиялық корпустың өкілдері және Польша әсери оркестрінің мүшелері, Генералдар кеңесі Төралқасының және басқа да ұйымдардың өкілдері кезегімен келіп Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.
Ал бұл уақытта ҚР Қарулы күштерінің әскери оркестрі салтанатты әуендерді орындау үстінде.

Күн бұлттанып, жаңбыр жауа бастағанына қарамастан гүл шоқтарын қою рәсімі үзілген жоқ.