Мәйіт,есірткі мен атылған оққа сараптама жасайтын орталықтардың жағдайы мүшкіл

Әділет министрлігінің жылды қортындылаған жиынында алғашында жетістіктер жіпке тізілді. Кейін кемшіліктерің айтыла бастады. Сынды бастағандар облыстан келген басшылар. Олар сот сараптама орталықтарының талап сай емес екенін айтып шағынды. Бірақ оған министр аң-таң.

Берік Имашев, ҚР Әділет министрі:

-Орталықтың материалдық-техникалық базасы туралы айтсам.Мысалы, Қостанайға қондырғылар алсын деп қанша ақша бөлдік, алайда, сіздің орталық оның бірін де алған жоқ. Орталықтың сізге дейінгі басшылары, кадр мәселесіне қатысты еш уақытта ләм-лим демеді. Бұл сөзді неге енді көтеріп отырсыздар? Енді күте тұрыңыздар, бюджеттегі қаржыға қарайық.

Семей орталығындағы мына бес қабатты үй бір қарағанда өзгелерден еш айырмашылығы жоқ. Алайда, бұл жерде өңірлік сот сараптамасы зертханасы орналасқан. Пәтер ішінде 21 қызметкер түрлі есірткі мен жарылғыш заттарды зерттейді. Ғимарат бұл мақсатқа лайықталмаған. Қажетті құрылғыларды орнатуға іші өте тар.

Гүлмира Баймағанбетова, Семей қаласы сот сараптамасы зертханасының жетекші-сарапшысы:

-Бізге улы химикаттар мен жарылғыш және қолдан жасалған қарулар әкелінеді. Ол біздің қызметкерлерге және жоғарыда тұратын тұрғындарға өте қауіпті.

Семейдің сараптама орталығы мамандары ғимарат тапшылығын сезсе, Астанадағы орталықта мұндай мәселе жоқ. Мамандары бар, қондырғылары орналасқан. Сөйте тұра, бұл зертханаға ешкім келе бермейді екен. Кейбір қымбат қондырғылардың көмегіне анда-санда ғана жүгінеді. Мысалы, мына көпфункционалды станция 2007-ші жылы әкелінген. Елімізде осы зертханада ғана. Оның көмегімен жасанды ақшаны, пластикалық карточканы, жеке куәлікті анықтауға болады.  


Міне, мына қондырғылар арқылы белгісіз мәйіттердің ДНК-сы анықталады. Тек бұл ғана емес. Мұнай өнімдері, қару-жарақ оқтарын, есірткі заттары, дәрі-дәрмекпен бірге 7 мыңға жуық заттың құрамыда осы жерде зерттеледі.

Исидор Борчашвили, Сот сараптамасы орталығының директоры:

-Біздің алыс аудандарда зертханаларымыз жоқ. Айғақ заттарды облыс орталығына 600 шақырым жерден жеткізгенше, ол істі тергеу мерзімі де өтіп кетеді. Материалдық-техникалық база да ескірген. Ол тұрмақ ғимараттардың тозығы жетіп тұр.

Сот-сараптамалық орталығы жылына 70 мыңға жуық зерттеу жұмысын жасайды екен. Алайда, ғимарат пен қондырғының жұтаңдығы мамандардың қолын байлап отырса керек. Ал, Семейдегі мына үйдің тұрғындары шенеуніктер жаңа ғимарат салып бергенше бергенше, мәйітханамен көрші тұруға мәжбүр.