Майлықожа жыраудың 175 жылдығына арналған кеш өтті

Оған қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары, ақын жырларын насихаттап жүрген өнерпаздар қатысты.

Кешті көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік орталықтың директоры Мырзатай Жолдасбеков жүргізді.

Оның айтуынша, орталықта ұлтымыздың маңдайына біткен белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған осындай басқосулар дәстүрге айналды. Бұған дейін мұнда Абылай хан, Абай, Мұқағали сияқты алаш ардақтыларына арналған мәдени кештер өткізілген болатын.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы 1835 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Қожатоғай ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашып, ескіше хат таныған. 14 жасынан әкесінен айырылған ақын тағдыр тауқыметін көп көріп, терме-толғаулар шығарып, айтыс өнеріне бет бұрады. Атақты ақынды жыр алыбы Жамбыл Жабаев Сүйінбай, Құлыншақ сияқты ақындармен бірге ұстаз санаған. Майлықожаның нақыл өлеңдерінің ғибраты мол. Ақын өз өлеңдерін негізінен ағайын-туысқа, отбасына, сол кездегі сөз ұстаған адамдарға арнағандықтан солардың бойындағы адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жырға қосады. Оның көптеген өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» кітаптарында, «Нақыл» атты жеке жинағында, «Айтыс» жинағының 2-томында жарияланды.

Шара барысында ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, белгілі термешілер Алмас Алматов, Жәкен Омаров, Майлықожа шығармаларын насихаттаушы, белгілі термеші Қарсыбай Ақтаев, Маралбек Бабақұлов (Тараз), жас орындаушылар Айгүл Елшібаева, Гүлмира Сарина, Айнұр Әбілдаева ақын шығармаларын тебірене шырқады.

Кеш соңында Майлықожа қоғамдық қорының жетекшісі, ақын Әбдіхалық Әбдірайымұлы ақын рухын ұлықтап, тамаша кеш өткізгендері үшін орталық ұжымына, өнерпаздарға алғысын айтып, жыраудың суретін орталық мұажайына сыйға тартты. Сондай-ақ ақынның мерейтойына орай шығарылған «Терме-арнау» кітабының таныстырылымы болды.