Майорды баласының көзінше атып кеткен қаскөйлер іздестіріліп жатыр

Оқиға кешкі сағат сегіздер шамасында болған. Төртінші сыныпта оқитын баласымен үйіне кіріп келе жатқан Жандос Ахметовке белгісіз біреу тура подьезд ішінде оқ жаудырған. Қайта 12 жасар жеткіншек пәтерге әкесінен бұрын жетіпті. Қаскөй оған қару кезенбеген екен. Ал шенді қаржы полицейіне 5 рет оқ атылған. Оның бірі басына тиген. Қазір көрдім, білдім деген көршілерінің бәрінен жауап алынып жатыр.

Ғалымжан Ақболатов, марқұмның көршісі:

-Кеше тәртіп сақшылары жауап алды. Ұмытшақпын, ештеңе айта алмадым. Түнде жатқанда есіме түсті. Кеше кешке белгісіз біреулер осы подьезден атып шығып, ақ көлікке мініп суыт жүріп кетті.  Соны көрдім.

Оқиға орнында жанталасып жұмыс істеп жатқан тәртіп сақшылары  қоқыс жәшіктеріне дейін тексеруде. Қылмыстық істің ақ-қарасын анықтау үшін тіс қаққан мамандар тіпті Астанадан шақыртылған. 

Мәдина Балғашұқова, СҚО ІІД баспасөз хатшысы:

-Қылмысты ашу үшін арнайы ішкі істер министрінің бірінші орынасары Марат Демеуовтың басқаруымен жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бақылауында.

Қазір облыстан шыға беріс жолдардың бәріне шектеу қойылған. Жүргізушілердің құжаттары тексеріліп, біртіндеп қана өткізілуде. Жалпы тергеушілер қылмысқа қатысты барлық нұсқаларды қарастырып жатыр. Дегенмен ең негізгісі Ахметовтың қызметімен байланысты.  


Мұрат Жұманбай,ҚР Қаржы полициясының ресми өкілі :

-Жандос Ахметовтың өлтірілуімен оның атқарған қызметінің арасындағы  байланыстың бар екендігін жоққа шығармаймыз. Жандос Ахметов 2012 жылдың наурыз айынан қаржы полициясы органдарында қызмет атқарады. 2013 жылдың наурызда СҚО бойынша қаржы полициясының департаметі бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалады. Ол тергеу және сотқа дейінгі өндіріс мәселелерін қараған болатын. 

41 жастағы Жандос Ахметов майор шенінде болған. Жазда түсірілген мына кадрларда ол әріптесін марапаттап жатыр.

-Жандос Ахметовтың артында жесірі мен екі ұлы қалды. Үлкені тоғызыншы, кішісі төртінші сыныпта оқиды екен. Марқұм өлерінің алдында кезекті еңбек демалысына кеткен бастығының міндетін атқарып жүріпті.