Caravan.kz медиа порталы анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде шетел валютасын сатып алу енді қиындайды деген ақпарат тарады.
«Жеке тұлғалар теңгесін шетел валютасына айырбастаған кезде, сатып алу мақсатын растауға және оны тек нысаналы түрде пайдалануға міндетті болады. Мұндай түзетулерді Ұлттық банк әзірлеп жатыр», - делінген мәлімет халықты шулатып жатыр.
Жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырған жаңалықта Ұлттық банкке валюта айырбастауға лимит белгілеу құқығы берілетіні де айтылуда.
Алайда реттеуші орган бұл ақпаратты жоққа шығарып, былай деп мәлімдеді:
«Қазақстан азаматтарының операциялар жүргізу тәртібіне қатысты ешқандай өзгерістер енгізу де, енгізу жоспары да жоқ. Жеке тұлғалардың операциялары қолма-қол да, қолма-қол емес түрде де ешқандай шектеусіз жүргізіледі».
Сондай-ақ Ұлттық банк хабарламасында реттеуші шын мәнінде жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заң аясында валюталық заңнамаға түзетулер ұсынғанын, алайда бұл өзгерістер азаматтар мен бизнестің құқықтарына әсер етпей, тек Ұлттық банктің өкілеттіктерін нақтылайтынын атап өтті.
Шын мәнінде, қолданыстағы валюталық операциялар ережелеріне сәйкес, жеке тұлғалар банктер арқылы валюта операцияларының сомалары бойынша да, оны сату, сатып алу не ел ішінде және шетелге аудару бойынша да шектелмейді.
Алайда белгілі бір жағдайларда валюта мәмілелері банк тарапынан реттеушіге, кейін салық немесе құқық қорғау органдарына есепке алынуы мүмкін. Егер:
- Азамат қолма-қол шетел валютасын 10 000 АҚШ долларынан бастап сатып алған немесе сатқан жағдайда.
- 1 000 АҚШ долларына баламалы сомадан бастап қолма-қол емес төлем/аударым жасаған жағдайда.
Сонымен қатар валюта операциялары, оның ішінде жеке тұлғалар үшін де, валюталық шартты қажет етеді. Яғни мақсатты көрсету, мысалы, тауар сатып алу. Бірақ кейбір ерекшеліктер бар. Шарт талап етілмейді, егер:
- Ақша ел аумағынан шықпайтын болса – бұл жағдайда сома маңызды емес.
- Сома 10 000 АҚШ долларынан аспаса, әрі аударым тауар немесе қызмет сатып алу/сатумен байланысты еместігін растайтын құжат болса.
- Жеке тұлға өз шотынан немесе өз атына ашылған шетелдік банктегі шотына ақша аударса.
- Аударым немесе төлем жұбайының (жұбайының) қарызын өтеу үшін жасалып, тиісті құжаттармен расталса.
Бұл нормалар елден заңсыз қаржы шығаруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында 2019 жылдан бастап енгізілген.