Алдымыздағы демалыстарда Ресейдің Тюмень қаласында «Әлемдік шеберлер» турнирі жалауын көтереді. Оған Халықаралық Дзюдо федерациясының жоғары рейтінгісінде тұрған әлемнің ең мықты 16 палуаны қатыспақ.
Бұл додада Қазақстан намысын бірден 5 дзюдошы қорғайтын болады. Татамиге 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асхат Тельманов пен Елдос Сметов, 66 келіге дейінгі салмақта - Сергей Лим, 90 келіде - Ислам Бозбаев және 100 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының көшбасшысы - Максим Раков шықпақ.
Раков өз салмағында «Әлемдік шеберлер» турнирінің қазіргі чемпионы болып табылады. 2012 жылы ол Алматыда өткен турнирде бірінші орын алған болатын. Сонымен қатар Максим бұл сайыстың екі мәрте қола жүлдегері (2010, 2011 жылдар).
«Біз «Әлемдік шеберлер» турниріне Түркияда дайындалудамыз. Тюменьге Анталиядан аттанамыз. Алғаш рет аталмыш додаға Қазақстан елінен 5 дзюдошы қатысады. Бұл - үлкен жетістік. Көңіл-күй жақсы, Раковтан үлкен нәтиже талап етпейміз, себебі ол жарыстарға көптен бері қатысқан жоқ болатын», - деді Қазақстанның дзюдодан бас жаттықтырушысы Ермек Иманбеков.
«Әлемдік шеберлер» турнирі 25 мамыр күні Тюмень қаласында өтеді.