Малайзияның "Казмирак ойл" компаниясы Қазақстанның солтүстігінде мұнай өңдеуші екі кешен салуға 300 млн. доллар инвестиция салмақшы

Қол қойылған құжатқа сәйкес Малайзия жағы Алтын Дала деп аталатын жаңа қанаттас қаланы салуға таяу уақыттарда 800 млн. доллар инвестиция жұмсағалы отыр. Бұл қала алдағы 5-7 жылда Астана іргесінде Есілдің сол жағалауындағы 226 гектар алқапта бой көтермек.

Сонымен бірге 2005-жылдың қыркүйек айына дейін "Казмирак ойл Сдн.Бхд." компаниясы Қазақстанның солтүстігінде, дәлірек айтсақ, Көкшетау мен Петропавлда мұнай өңдеуші екі кешен салуға 300 млн. доллар инвестиция салмақшы. Бұл зауыттарда тәулігіне 40 мың баррель мұнай өңделетін болады.
"Стройконтракт" корпорациясының бас директоры Сәбит Төлегенов пен "Казмирак ойл Сдн.Бхд." компаниясының басқарушысы Абдул Кәрім Кәдірдің пікірінше, қол қойылған меморандумның негізінде Қазақстан-Малайзия бірлескен кәсіпорнын құру ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа берік іргетас қалайды. Сонымен бірге Қазақстандағы инфрақұрылым мен жылжымайтын мүлік рыногы, көмірсутегі шикізаты мен басқа да пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, өндіру және өңдеуді дамыту, сондай-ақ, екі жақты сауда-саттық байланыстар аясын кеңейту әлеуеті жоғары.