Ал атағы жер жарған Голливудтың брокбастерлері қазақша құйқылжып жатса және дубляж шеберлігі картина көркемдігімен біте қайнасса, осындай екіұдай сезім тіптен ерекше әсер етеді екен.
Кеше «Болашақ» қауымдастығы қазақшаға дубляждаған, басты рөлде Анджелина Джоли ойнайтын «Малефисента» фильмін көріп, осындай сезімді бастан кешірдік. Өзіміздің қаракөз актерлеріміз мұхиттың арғы жағындағы әріптестерінің ой-санасын, сезім-серпілісін, қимыл-қозғалысын, күйініш-сүйінішін, мінез-құлқын айнытпай келтіріп, құдды бір өздері қазақша сайрап тұрғандай етіп шебер аударуы біздің жеткен жетістігіміз, біздің асқан асуымыз. Көрерменін қай тілде тамашалағанын білмей қалатындай етіп өзіне баурап алуда тек фильмнің мықтылығы емес, дубляждың да сол киномен қос бұрымдай қатар өрілуі деп білеміз.
Сондықтан, біздің пайымымызша, «Болашақтықтардың» осы жолғы еңбегі де, бұған дейінгі дубляждаған «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші-адам», «Монстрлар университеті», «Жалғыз рейнджер» және «Жаңа өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильмдері сияқты қазақ тілінің кең қанат жаюына ғана емес, қазақтілді өнерсүйер қауымның да ерекше ләззат алуына өлшеусіз үлес қосты. «Болашақ» қауымдастығы Голлифуд фильмдерін дубляждау жұмысының алғашқы баспалдақтарынан сәтті өтіп, үлкен өнердің телегей теңізіне тура шықты. Енді олардың жұмысын жақсы-жаман деп сынай алмаймыз, тек тілекші боламыз. Енді олардың жұмысы өздері аударған фильммен бірге бағаланып, фильм арқылы өлшенбек.
Сонымен, «Малефисента» қандай? Енді осы жөнінде өзіміздің «қазақша» түйген ойларымызбен бөлісе кеткенді жөн көрдік.
Еуропа халқында көнеден келе жатқан «Ұйқыдағы ару» деген ертегі бар. Оны барлығымыз білеміз. Бір елдің патшасы ай десе - аузы, күн десе - көзі бар қызды болады. Ал қатыгез сиқыршы нәресте 16-ға толған күні саусағын инемен шаншып алып, мәңгілік ұйқыға кетеді деп дуалап тастайды. Оны тек шын ғашық болған ханзада ернінен сүйіп қана ұйқысынан оята алады. Ертегіде солай болады да. Ал кинода ше? Фильм режиссері Роберт Стромберг бұл ертегіге мүлде басқа жағынан қараған.
Малефисента, яғни қатыгез сиқыршы мүлде қатыгез емес екен. Ол сиқырлы орманның қорғаушысы, кішкентай кезінен жетім өскен, айналасындағы тіршілік иелеріне, қоршаған ортасына мейірімі шексіз қанатты пері еді. Біз, адамдар, құбыжықтарды тек қатыгез деп ойлауға үйреніп қалғанбыз. Ал режиссер құбыжықтардың мүлде олай емес екенін, керек десеңіз олар адамнан өткен мейірімді, адамнан асқан "адамгершілікті" екенін паш еткісі келген. Фильмде құбыжықтардың бұл қыры жақсы көрсетілген.
Күндердің күнінде сол сиқырлы орманға бір бала адасып келеді. Ал Манефисента оны құтқарып алады. Осылайша екеуінің арасында махаббат оты тұтанады. Екеуі бір-біріне бауыр басады. Мейірімді періге бұл бір қас қағым сәт мәңгіге созылатындай сезіледі. Алайда келе-келе адам боп жаратылған Стефанның пенделік пиғылы оянып, дүниеқоңыз, доңмойын, нәпсіқұмар болып өседі. Патшаның қызына үйленіп, тақ мұрагері атану үшін Малефисентаны алдап-сулап ұйықтатып, қос қанатын қырқып алады. Осылайша кезіндегі бейкүнә бала күнәһар патшаға, ал мейірімді пері қатыгез сиқыршыға айналады. Құдайдай сенген қосағы осыншама опасыздық жасап кеткені жүрегіне батқаны соншалық, кезінде гүлдей жайнаған сиқырлы орман қара түнекке оранып, аһ ұрады.
Стефан патшаның айдай ару қызы дүниеге келгенде, көптен бері тек қана кекпен өмір сүрген қатыгез сиқыршы нәрестені дуалап тастайды. Кеше гөр деп жалынған патшаны алдау үшін дуаны шын махаббатпен сүю ғана қайтара алады дей салады. Алайда ол бұл өмірде шынайы махаббаттың жоқ екеніне сенімді еді.
Осылайша 16 жыл өтеді. Осы жылдар аралығында жүрек түкпірінде сақталып қалған аз ғана мейірімі бар сиқыршы әйел нәрестені желеп-жебеп жүреді. Баланың пәк жүрегі мұны сезеді. Оны кіндік шешем деп атап, кіршіксіз көңілімен құлай жақсы көреді. Малефисента қанша құбыжық болғанымен әйел ғой, ана ғой. Бойжеткеннің бұла сезімі оның жүрегіндегі арпалысқан мейірім мен қатыгездіктің бітіспес күресіне нүкте қойып, ақыр аяғында тұла бойын аналық махаббат кернейді. Дуасын қайтармақ болып қанша тырмысса да, шынайы махаббатпен сүю деген шарты жібермейді. Дуа орындалып, қыз ұйқыға кеткен соң, алдында бір көрісіп, қызға құлай ғашық болған басқа елдің ханзадасын алып кеп, сүйгізеді. Бірақ қыз оянбады. Енді не істеу керек? Неткен қасірет?! Бір сәттік соқыр кек осынау бір ғажайып сұлу қыздың өмірін қор қылды. Орны толмас қайғыға ұшыратты. Анаға бұдан асқан қасірет бар ма?! Малефисентаның көкірегі қарс айырылды. Көзінен жасы сорғалап келіп, кіндік баласының маңдайынан иіскеп, соңғы рет мейірім мен жасқа толы көздерімен бір аймалады. Міне, керемет! Сол кезде қыздың көзі ашылып, ұйқысынан оянды! махаббатты қыз бен жігіттің арасында ғана болатын сезім деп адасып келгендерге ауыр соққы тиді. Иә, иә, ана махаббаты! Одан асқан күш бар ма? Ана махаббаты кез келген қайғыны да, қасіретті де жеңе алады. Фильмнің айтқысы келген негізгі ойы да осы болса керек.
Хош, сонымен ғасырлар бойы ханзада оятып келген аруды "қатыгез мыстанның" өзі оятып алуы бір жаңалық болды. Ханзада ренжи көрмесін, алайда осы жолы оның "жолы болмады".
Фильмдегі тағы бір мықты текетірес - табиғат пен адамның, басқаша айтқанда пәк дүние мен темір технологияның қақтығысы. Сиқыршы әйелдің темірден қорқатынын біліп алған зұлым патша жер бетінің темірін түгел жинап, темірден сарай соқтырып, темірден сауыт құрсанып, табиғатты темір табанымен таптап тастауға бекінеді. Алайда арам пиғыл мен ажырамас кектің құлы болған патша өз қатыгездігінен ажал құшады. Түсіне білген адамға бұл да үлкен трагедия.
Жауыздық жеңілді, әділдік жеңді, мейірім қайта көктеп, сиқырлы орман қайта гүлдеді. Қаралы сиқыршы жүрегін кернеген кектен арылып, өз қатесін түсініп, айналасын шапағатқа бөледі. Енді табиғат пен адамзат баяғы бір замандардағыдай егіз өсіп жетілсе деген тілек қана. Фильмнің тағы бір негізгі ойы осы. Ал оны қазақша көріп отырғанымызды ұмыттырып жіберген, алайда осы жолда қыруар еңбек еткен "Болашақ" қауымдастығына, Джолиді "қазақша" сөйлеткен әртістерге алғысымыз шексіз.