Маман: Емізу балаларды семіздіктен сақтайды

Бұл туралы Baq.kz Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бала көп уақыт емген сайын, семіздіктің пайда болу қаупінен қорғанады. Бұл ақпарат семіздіктің алдын алу бойынша шараларды нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, біз өңірде ана сүтімен емізуді қолдап, ауқымын кеңейту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет», - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының Жұқпалы емес аурулардың алдын алу және өмірдің барлық сатысында денсаулықты нығайту бөлімінің директоры, д-р Bente Mikkelsen.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы баланы өмірінің алғашқы 6 айында тек ана сүтімен емізуге кеңес береді, одан кейін 2 немесе одан үлкен жасқа дейін әрі қарай емізе отырып, қосымша тамақтандыру қоспаларын беруді ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша, 170 елде, оның ішінде Қазақстанда 1-7 тамыз аралығында Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы өткізіледі. Оның мақсаты – сау бала үшін ана сүтінің пайдасы туралы әйелдерге ақпарат беру болып табылады.

Ана сүтінде баланың сау дамуына қажетті барлық пайдалы заттар: майлар, нәруыздар, көмірсулар, су, дәрумендер және минералдар бар. Оның құрамындағы табиғи антиденелер жаңадан туылған нәрестенің иммунитетін нығайтады, балалар ауруынан сақтауға көмектеседі. Яғни, еметін балалар өте сирек суықтап ауырады, және жасанды қоректенетін балаларға қарағанда жұқпалы ауруларға, диарея, аллергияға сирек шалдығады. Бұдан бөлек, ана сүтімен емізу балаға анасына деген жақындықты, мейірімділік пен жайлылықты сезінуге ықпалдасады.

COSI ретінде белгілі - Балалар семіздігіне эпидемиологиялық қадағалау жасау бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасын басқарған, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының жұқпалы емес аурулардың алдын алу және олармен күресу жөніндегі басшысы, д-р Жоао Бреда, ана сүтімен қоректендіруді қолдау семіздіктің алдын алуға және Еуропа өңірінде балалар семіздігі мәселесінің оң шешімін табуға көмектеседі,- дейді.

«Емшек сүтімен қоректендіруді көтермелеу жөніндегі ұлттық стратегиялар кейбір елдерді семіздікпен күресуде жақсы нәтижелерге әкелуі әбден мүмкін», - деп атап өтті д-р Жоао Бреда.

COSI 4-раундының шеңберінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, ешқашан ана сүтін ембеген немесе алты айдан аз емген балалар арасында алты айдан аса емген балалармен салыстырғанда семіздіктің көбірек таралғаны белгіленеді.

COSI 10 жыл бұрын, 6-9 жас аралығындағы балаларда артық салмақ пен семіздіктің таралуын бағалау және өзгерісін мониторингілеу мақсатында құрылғанын еске саламыз. Содан бері 40 елден аса, жарты миллионнан астам балалар арасында деректерді жинақтаудың 5 раунды өткізілді.

Артық салмақ пен семіздіктен қорғаудан бөлек, ана сүтімен қоректендірудің көптеген артықшылақтары бар. Ана сүті баланың сенсорлық және танымдық дамуына оң ықпалын тигізеді, түрлі таралған балалар ауруынан болатын нәрестелер өлімін төмендетуге, сондай-ақ аурулардан ертерек сауығуға ықпалдасады. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, ана сүтімен емізу баланың когнитивтік қабілеттерін жақсартады, сонымен қатар, бала өсе келе оның дамуында және оқуында кездесетін мәселелердің пайда болу қаупін төменетеді.

Ана сүті ананың денсаулығы үшін де өте пайдалы. Жаңадан туылған нәрестені ана сүтімен емізетін аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске сирек шалдығады. Емізу аналық без, сүт безі обырының даму қаупін төмендетеді, босанғаннан кейін ананың салмағын азайтуға ықпалдасуы мүмкін, сондай-ақ баланы тамақтандырудың сенімді және қоршаған орта үшін қауіпсіз тәсілі болып табылады.