Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту қолға алынды. Тиісті жұмыс жүріп жатыр. Ол медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – ашық, әділетті және ең бастысы, барлық азаматтар үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру», — деп атап өтті Премьер-министр.
Осы мақсатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Заң көрсетілетін қызметтердің аясын кеңейтіп, сапасын арттырумен қатар, бүкіл денсаулық сақтау саласының ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығына оң әсерін тигізеді. 2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады. Бұл әрбір азамат үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті органдар күш жұмылдыруы қажет. Осыған байланысты Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.
«Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Кейбір жаңа ережелерді түсіну қиын. Сондықтан әрбір қазақстандық медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Бұл ретте балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен азаматтардың басқа да жеңілдікті санаттарына медициналық көмек көрсету тәртібі мен көлемі өзгеріссіз қалуы тиіс.
Сонымен қатар медициналық инфрақұрылым қарқынды түрде дамып келеді. Биыл 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, 1 млн ауыл тұрғыны алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылады. Жалпы, биыл медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 3 триллион теңге бөлінді.
Денсаулық сақтау министрлігіне қаржының тиімді жұмсалуын және медициналық қызметтердің сапасын, оның ішінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы қатаң бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар Министрлік медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарауы керек. Емделушілер үшін бәрін оңтайландырып, барынша жеңілдету керек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына назар аударылды. Олжас Бектенов Қордың бизнес-процестерін, әсіресе жоспарлау, төлем жүргізу және сатып алу бөлігін жаңғырту қажет екенін ерекше атап өтті.
Жалпы медициналық көмекті қолжетімді, тұрақты әрі азаматтардың талаптарына сай ету үшін денсаулық сақтау жүйесінде үйлесімді және шұғыл шаралар қабылдануы керек.
Қорытындылай келе Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:
Бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа бекітілді.