Маңғыстау облысында 150-дей түйе қарақұртқа шағылды

С.Берішпаевтың айтуынша, қарақұртқа шағылу туралы мәлімет әр ауданнан сағат сайын келіп түсуде. Мәселен, жаздың басынан бері Таушық ауылында қарақұртқа шағылуға байланысты 50 жағдай тіркелсе, Қарақия ауданында 38, Маңғыстау ауданныда 63 оқиға тіркелген.

С.Берішпаевтың ақпаратына жүгінсек, түлікті тірі сақтап қалу үшін түрлі халықтық емдеу тәсілдері, атап айтсақ, несеп айдау дәрілері қолданылуда. Адамдарды емдеуге арналған сарысудың бір дозасы 18 мың теңге тұратын өте қымбат дәрі. Ал түйені емдеуге оның 4 дозасы қажет. Сондай-ақ, тек Өзбекстанда шығарылатын қарақұрттың уын қайтарушы сарысудың 500 дозасы соңғы рет 1999-жылы сатып алынған. Қазір ол адамдарды емдеуге де жетпей жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл облыста адамдардың қарақұртқа шағылу оқиғасы 48 мәрте тіркеліп, олардың 27-сі ауруханаға түсті.
Бірақ, С.Берішпаевтың айтуынша, дәл қазір қарақұрттың уы айтарлықтай күшейген жоқ. Удың концентрациясы шарықтау шегіне жететін 10-шілдеден бастап қарақұрттың белсенділігі артады деп күтілуде.
С.Берішпаевтың айтуынша, мұндай белсенділік 15-20 жылдық циклмен қайталанады. Өткен жылдарда 30-50 түйе қарақұрт шабуылына душар болатын. Соның ішінде 1-2 түйе шығынға ұшырады. 1983-жылы 180 түйе қарақұртқа шағылды.
Биылғы жылдың ақпан айындағы санақ бойынша облыс аумағындағы түйе түлігінің саны 30 мыңға саналады. Ал есепке алынбаған 50-60 мың түйе бар деген болжам айтылуда.