11 жастағы Бекзаттың денесін басқан түктен құтылудан артық арманы жоқ. Жеткіншек мектепте алғыр оқушы емес, өйткені көзге түскісі келмейді. Мінезі тұйық. Тек көшедегі балалар мазақтағанда анасын «мені неге тудың?!» деп қинайтыны бар. Әрине, Айжан Көшкенбаева құрсағындағы сәбиінің түкті болып дүниеге келетінін білген жоқ. Бір анығы, жүкті кезінде қан қысымы жиі көтеріліп, денесі жиі ісінген екен.
Айжан Көшкенбаева, Бекзаттың анасы:
-Мына жерлері бұрынғысынан қалыңдап өсіп барады. Шаштаразға барғанда, алғанда ұялады. Кепкасын түсіріп киіп жүреді.
Бұл дерт медицина тілінде «атавизм» деп аталады. Аталған ауруды жергілікті және алматылық дәрігерлер емдеп көрмек болған. Алайда нәтиже жоқ. Ал жыл өткен сайын Бекзаттың дерті асқынып барады. Енді көзі де нашар көреді. Сондай-ақ, оның 2 жасар інісі де науқас. Дәрігерлер бүлдіршіннің миында сұйықтық бар деп отыр.
Айжан Көшкенбаева, Бекзаттың анасы:
-Көмек болып жатса, осы екі баламды Астанаға не Алматыға барып емдеткім келеді. Адамдардан көмек сұраймын. Қаражатым жоқ өзім апарайын десем... Квотамен кетсем де жолға ақша керек.
Жергілікті генетиктер «атавизм» өте сирек кездесетін ауру дейді. Мұндай дерт елімізде соңғы 20 жылда екінші рет анықталып отыр. Бірінші бала қазір ержеткен. Денесіндегі түктері өскен сайын сиреп кетіпті. Ал Бекзатта, керісінше, көбейіп барады. Сондықтан дәрігерлер оның Астанада емделуіне квота бөлді.
Нұрсұлу Мұхамедиярова, Маңғыстау облысының бас педиатры:
-Қазір біз баланың барлық құжаттарын дайындап қойдық. Біздің генетологтар қойған диогнозды, сараптама қортындысын тізіп, астаналық әріптестерімізге береміз. Менің таң қалып отырғаным, балада гормондық ауытқу жоқ. Соған қарағанда ата-бабаларында осындай дерт болған болуы керек деген тұжырым жасап отырмыз...
Үйдің отағасы 2-ші топтағы мүгедек. Жалданып, әр жерден тапқан табысы күнделікті күнкөрістен артылмайды. Сондықтан Астанаға баратын жолкіресі мен тұрмыстық шығындарына да қаржы таппай отыр. Қазір олар қол ұшын созамын деген жомарт жандардың көмегіне зәру.
Көмек көрсеткісі келетін қайырымды жандар үшін: Халық банкі: KZ 0560 1339 3100 1035 28 Ходжаев Узакбай Таджиханович