Маңғыстау облысында шекарашылар мінген көлік апатқа ұшырады

Оқыс оқиға Бейнеу ауданында болған. Камаз автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сөйтіп, шекарашылар мінген Уаз автокөлігіне соқтығысады. Сол кезде Уаздың ішінде 4 шекара қызметкері мен 2 бала болған. Бұлар – сол сарбаздардың балалары. Қаза тапқандардың бірі –18 жастағы көлік жүргізушісі, екіншісі – 6 жасар бүлдіршін. Бұлардың өліміне себепші болған Камаздың жүргізушісі дін аман. Ал апат кезінде зардап шеккен тағы 3 әскери қызметкер санитарлық авиациямен Ақтауға жеткізілді. 12 жастағы жеткіншек балалар ауруханасына жіберілді. Шекарашылардың біреуі жансақтау бөлімінде жатыр.


Медет Жиғанғалиев, Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

-Оған ота жасау жоспарда бар. Сүйегіне жасалынады. Жамбас сүйегіне. Жағдайы тұрақты. Аппараттан алдық. Қазір өзі демалып жатыр.