Маңғыстау облысындағы мұнай өндіруші компанияларда табиғат қорғау заңын бұзу оқиғалары көптеп тіркелген

Ы.Ноғаевтың айтуынша, "Өзенмұнайгаздың" өндірістік филиалы мен оның бөлімшелері қамбалардағы мұнай мен мұнай төгілген жерлерді ескермегенде, қоршаған ортаға облыс бойынша табиғатты ластайтын заттардың 25 процентін тастауда. Өткен жылғымен салыстырғанда "Өзенмұнайгаз" бөлімшелерінің аумағында қамба мұнайлары екі есе аз мөлшерде сорғызып алынып, пайдалы жаратылған. Жаңаөзен қаласында мұнайлы-сулы көлшік пайда болып, оның бетінде 38,9 мың тонна мұнай қалқып жүр. 119,5 гектар жер мұнай өнімдерімен ластанған. Алайда, осынау көлді тазарту жұмыстары күні бүгінге дейін жүргізілмей отыр. Ілеспе газды пайдалы жарату мәселесі де күрделі күйінде қалды.

"Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасында тек биылғы жылы 22 жерде мұнай құбыры жарылып, 97,3 тонна мұнай төгілген. Қамбадағы мұнай былтырғыдан екі есе аз жаратылған. Өндірістік басқарма аумағында 177 мұнай қамбасы (мұнай сыйымдылығы 93 мың 547 тона) бар. Бұл жерде мұнай түйіртпектерін сақтауға арналған траншеялар қарастырылмаған.
Облыстағы тағы бір жетекші мұнай кәсіпорындарының бірі "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасында соңғы жарты жылда мұнай құбыры жарылу оқиғасы 49 мәрте тіркеліп, 28,6 тонна мұнай төгілді. Қаламқас кеніші аумағында өткен жылғымен салыстырғанда мазутпен ластанған жерлер ауқымы арта түскеніне қарамастан, былтырғыдан 0,8 гектар жер аз тазартылды. Бұл кеніште 57 тоннадан астам радиоактивті қалдықтар жиналды.
Ы.Ноғаевтың айтуынша, мұнай ұңғыларын теңіз суы басып кету қаупі үлкен қиындықтар тудыруда. Тек Қаратұрым және Комсомольское алаңдарында 22 ұңғы су астында қалған. Олардың 14-і өнім беретін ұңғылар. Төрт ұңғыдан мұнай шығып жатқаны анықталды. Ал қалған ұңғылардың бүтіндігі анықталған жоқ.
Қазіргі жағдаймен аймақта Қошқар Ата қоймасындағы қалдықтарды ескермегенде, 17 мың 694 тонна радиоактивті қалдық жиналды.