Маңғыстау облысының әкімі "өзінің командасын ертіп келді" дегендерге жауап берді

Маңғыстау облысының әкімі "жергілікті кадрмен жұмыс істемейді, билікке өз командасын ерте келді" дегендерде бүгінгі халыққа есеп беру кездесуінде жауап берді, деп хабарлайды Today.kz.

"Бұл туралы Қоғамдық келісімнің отырысында да сөз болды. Мен Оралдан келгенде бір ғана Әсел деген қызды алып келдім. Әселдің өзі Маңғыстаудың тумасы. Оралда қызмет етіп жүр екен. Мен Оралдан қыздарыңызды өздеріңізге алып келдім. Өздеріңіздің уыздай қыздарыңыз бұрын көбісі атқара алмаған жұмыстарды 3 жұманың ішінде тындырды", – деді Ералы Тоғжанов. 

Артынша билік басына келген жергілікті азаматтарды тізбектеп, халықпен таныстырды. 

"Тоғжанов отырып алып ойына келгенді істей бермейді. Барлығы президент аппаратындағылармен келісе отырып шешіледі. Мемлекеттік қызмет жершілдік, рушылдық мәселесімен тағайындалмайды. Қайта мен маман таппай жүрмін. Мемлекеттік қызметте 409 орын бос тұр. Оның 38-і басшылық қызмет", – деді облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы. 

Ералы Тоғжановқа тұрғындар маңызды сауалдарын жолдады. Әкім кездесуде өлкедегі өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқанын баяндады. 

"Біз қазір тұрғын үй салатын барлық құрылысшыдан үйлердің бірінші қабатында балабақша мен спорт залдары болуын талап етіп жатырмыз. Сонымен қоса тұрғын үй айналасында жасыл желек көп болуы керек. Ол үшін әр үйге тамшылатып суару әдісі келуін де маңызды істердің қатарына қостық", – деді өңір басшысы. 

2018 жылы Ақшұқыр елді мекенінде 600 орындық мектеп және өзге де аудандарда мектептер мен балабақша салу жоспарда тұр. 


"Жоспарда атқарылатын шаруа көп. Олардың бәрі шешімін табады. Биыл біздің республикалық бюджеттен 68 миллиард теңге алатын ақшамыз бар", – деді Тоғжанов. 

Облыс әкімінің айтуынша, өлкеде игерілмей жатқан жерлер көп. Қазір жерді алып, оны игермеген тұлғалардан жерлер қайтап алынып жатыр. 

"2010 жылдан бері жер алып, оны игермеген адамдар бар. Елбасы біздің өңірге келіп, қаланы аралағанда осыны ескерткен еді. Жерді игеретін жандарға берейік. 10 жыл ұстаған жерді тағы 10 жыл ұстауға біздің қандай құқығымыз бар?" – деді облыс әкімі. 

Маңғыстау облысының әкімі биыл 50 талапкерге білім грантын бөліп отыр. 

Ал Ақтау қаласындағы теңіз жағасындағы үйлердің түсі жақын арада өзгереді. Үйлерді бояуға облыс кәсіпкерлері көмек көрсетіп жатыр екен. 

Жолаушылар пойызы бұрын тек қала сыртындағы Маңғышлақ станциясына ғана келетін болса, биыл облыс әкімі вокзалды қалаға әкелу үшін еңбектеніп жатыр. 

"Вокзалды қалаға көшіру мәселесі қарастырылып жатыр. Негізі көп жерлер жеке адамдарға сатылып кеткен. Қазір соттасып, сол жерлерді қайтарып алып жатырмыз", – деді Ералы Тоғжанов. 

Сонымен қоса, өңір басшысы азаматтарды мұнай ісінен ақырындап шығарып, орта және шағын бизнеске бұру керектігін де айтты.