М. Бортниктің айтуынша, облыста нан бағасы күннен күнге өсуде. Көптеген наубайханалар шығынмен жұмыс істеуде. Оның мәліметтеріне сүйенсек, ұнның бағасы 16 пайызға (15-нен 25-ші қыркүйекке дейінгі бағаның өзгеруі), нан - 14 пайызға (25-ші қыркүйектен 2-қазанға дейінгі бағаның өзгеруі) өскен. "Соның нәтижесінде бір бөлке нан 70 теңге тұрады",- деп атап өтті М. Бортник.
Сондай-ақ ол, "Маңғыстау облысының ұн шығармайтындығын ескере отырып, облыс басшылығы нан бағасына әсер етуі қиынға соғып отыр. Өкінішке орай біз ұн өндірушілер мен тасымалдаушыларға тікелей тәуелдіміз",- деп түсіндіріп өтті.
Осыған байланысты, М. Бортниктің айтынша, нан өнімдерінің бағасын реттеу мақсатында бюджеттік комиссия жиналыс өткізіп, нәтижесінде тұрмысы төмен тұрғындарды қорғауға, оларға сәйкес әлеуметтік көмек беруге шешім қабылданған.
М. Бортниктің хабарлауынша, облыс әкімі Қ. Көшербаев жергілікті бюджет қаржысының есебінен нан сатып алу шығынына қосымша ақы төлеу туралы шешім қабылдаған. Бір айдағы адам басына шаққандағы қосымша ақы көлемі 537 теңгені құрап отыр. "Қосымша ақы бір адамның бір күнгі нан тұтыну нормасын ескере отырып, баға айырмашылығымен есептелген",- деп түсіндірді М.Бортник.
Сөйтіп, үстіміздегі жылдың үш айында (қазан, қараша, желтоқсан) облыстағы 45 мыңға жуық тұрғындардың әрқайсысы 1610 теңге көлемінде қосымша ақы алады. Жалпы осы мақсатта жергілікті бюджеттен 72 млн теңге бөлінеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті