Оқыс оқиға «Кендірлі-Қаясан» табиғи қорығында болды. Жергілікті шопандар малы біртіндеп жоғала берген соң, далаға қақпан құрыпты. Алайда қақпанға қойшылар ойлағандай қасқыр емес, елімізде мүлдем кездеспейтін леопард түсіп қалғанын көріп, қорықтың инспекторларына хабар берген. Құрсаудан босатпақ болғанда жыртқыш инспекторға тап беріпті. Бұл кезде шопан мылтықтан оқ атып, леопардты сұлатып салған. Ал жыртқыштың шабуылынан инспектор жарақат алып, ауруханада жатыр. Жалпы, мысық тұқымдас аң – жойылып бара жатқан хайуан. Орманды мекендейтін леопард Маңғыстауға Түркіменстан қорығынан ауып келуі мүмкін. Бүгінде оның саны әлем бойынша мыңға да жетпейді. Қазір аталған дерек бойынша «заңсыз аң аулау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Аслан Қожиев, Маңғыстау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі:
-Егер аңды әдейі атқаны дәлелденсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өзін қорғау мақсатында атса да, жазаға тартылады. Айыппұл салынады немесе бас бостандығы шектеледі. Мұны сот шешеді.
Loading...