Маңғыстауда лото клубын өртеген тұрғын қамаудан босатылды

Маңғыстау облысында лото клубын өртеп жіберген жігіт қамаудан босатылды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Экспресс К басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық Полиция департаменті өткен аптада Бейнеу ауданындағы лото клубын отқа ораған тұрғынның ұсталғанын хабарлаған болатын.

Әсет Сүлейменов енді өзінің босатылғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Менің жағдайым жақсы. Үш ұлым мен қызыммен бірге үйдемін. Көпшілік жекеме жазып жатыр. Мені ешкім қудалап жатқан жоқ. Бәрі де уақытша. Бастысы бас аман болсын! Ер жігіттің басында қыл арқан шірімес деген. Аман болайық", — деп жазды Әсет Сүлейменов.

Маңғыстау облысында аудан тұрғын туралы бірнеше бейнеүндеу тарап, онда оның ғимаратты өртеп жатқан сәті талқыға түскен. Ғимараттың сау-тамтығын қалдырмаған оған жерлестері аяушылық білдірді.