Маңғыстаулық археологтар Форт-Шевченко қаласынан 30 шақырымда біздің жыл санауымызға дейінгі III-II - ғасырлардағы көне қоныстың жұрнақтарын тапты

Бұл - осы облыс аумағынан табылған біздің жыл санауымызға дейінгі III-II - ғасырлардың бірден-бір ескерткіші. Табылған сағана ұлутастардан салынып, қабырға тақталары осы жерден 30 метрде орналасқан жартастан қашап дайындалыпты.

Сағанадан садақ оғының ұштығы шықты. Әрбір тарихи дәуірдің өзіне ғана тән қару-жарақ түрлері болғандықтан, сол ұштықтарға қарап қоныстың нақты қай кезеңге жататыны анықталған.
Сондай-ақ, сағанадан екеуі сау күйінде сақталып қалған бірнеше балшық ыдыстар табылды. Археологтар сонымен бірге ежелгі темір дәуіріне тән күміс сырғалар мен темір білезік олжалады.
Мұндағы қазба жұмыстары үш аптаға созылады.