Маңғыстау облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Мұндай тәжірибенің оң нәтижелері уақыт өте келе өз тиімділігін дәлелдеп келеді.

Мәселен, Онды ауылында соңғы үш жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар елеулі үлес қосып келеді. Онды ауылы қауіпсіздігімен ғана емес, тарихи-мәдени мұрасымен де ерекшеленеді.

Бұл ауылда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келген. Сонымен қатар, Оңды ауылы Қазақстанның үздік 30 ауылының қатарына енген. Өңірдің басқа да елді мекендерінде оң көрсеткіштер байқалады.

Соңғы бір жыл ішінде Бекі, Сарға, Сыңғырлау, Сам және Құланды ауылдарында қылмыс фактілері тіркелмеген. Алкогольден бас тарту, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы және профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуі қоғамдық тәртіптің нығаюына, қауіпсіз ортаның қалыптасуына және Маңғыстау облысы ауылдарының одан әрі дамуына оң әсерін тигізуде.