Маңғыстау облысында жолаушылар мінген автобус аударылып қалған: қаза тапқандар бар

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда сағат 1:03 шамасында KZ-11 "Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау" тасжолының 383-шақырымында болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Yutong маркалы автобустың жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, салдарынан автобус жол жиегіне аударылған. Көлік салонында 48 жолаушы болған.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 адам оқиға орнында қаза тапты. 42 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алып, олардың 17-сі ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаториялық ем алуға жіберілді", - делінген Маңғыстау облысы ПД хабарламасында.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.