Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Тиісті шешім Корея Республикасының Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясында қабылданды.

Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл Қазақстан үшін тарихи оқиға. Себебі еліміздің мәдени мұрасы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне соңғы рет 2004 жылы енгізілген болатын. Сол кезде тізімге Таңбалы петроглифтері енсе, бір жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қосылған еді.

Оның сөзінше, Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған. Президент 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы бағыттағы жұмысты бастауды тапсырған.

Қариннің айтуынша, жартасты мешіттер тек құлшылық орны ғана емес, өз дәуірінде білім мен ағартудың маңызды орталығы болған. Сондай-ақ оларда халқымыздың тарихи жады мен ата-баба мұрасы сақталған. Осы ерекшеліктерін ескере отырып, ЮНЕСКО бұл нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени және сәулет дәстүрлерінің көрнекті үлгісі ретінде таныды.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары тарихи ескерткіштердің ЮНЕСКО тізіміне енуі Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, туризмнің дамуына және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыс мұнымен тоқтамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Жаркент мешітін, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін және Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу бойынша жұмыстар жалғасады.