Мақпал Исабекова «Батыл жүрек» мультфильмінің қазақ тіліндегі саундтрегін орындады

Картинаның қазақ тіліндегі премьерасы 21 маусымға белгіленіп отыр.

«Дәл осы жоба үшін мен Мәскеуден арнайы ұшып келдім. Қазір менің ГИТИС-та оқуым өтіп жатыр. Маған «Батыл жүрек» мультфильмінің өлеңдерін дауыстауға ұсыныс түсіргенде, мен көп ойланбай келістім. Мен дубляжда алғаш рет қатысып отырмын, маған қатты ұнады. Егер маған келешекте белгілі бір кейіпкерді дауыстауға ұсыныс жасаса, онда мен қуана келісер едім», - дейді Мақпал.

«Батыл жүрек» - бұл Солтүстік Шотландияның қатал әрі жұмбақ тауларында алапат қиындықтарды бастан өткiзуге тура келген батыл Мерида ханшайымы туралы оқиға. Мультфильмді ағылшын тілінен аудару үшін 15 дауыс қажет болған.

«Батыл жүрек» кейіпкерлеріне өз дауыстарын сыйлаған актерлердің арасында Іңкәр Әбдраш (Мерида), Әуезов театрының актрисасы Айжан Дәулетпақова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай (Фергус патша), Гүлжамал Қазақбаева және тағы басқалар бар.

«Кастингке келгенде мені таңдайтындарына сенімді болған жоқпын. Барлық үміткерлердің артында дубляж саласында атқарған қыруар тәжірибелері болды. Бас кейіпкерді дауыстайсын дегенде мен алғашында сенбей қалдым. Негізі біз Мерида екеуміздің ұқсастығымыз бар. Ол кішкентай әрі нәзік - дәл мен секілді», - дейді бас кейіпкер Мериданы дауыстаған І. Әбдраш.

Анимациялық фильмнің аудармасын «Болашақ» қауымдастығы, «Алтын қыран» корпоративтік қайырымдылық қорының және «Меломан» холдингінің жаңа бренді Marwin-нің қолдауымен жасаған.