Мақпал Жүнісова: Зәкең екеуміз алғашқыда ит пен мысық ұқсап өмір сүрдік

Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың махаббат хикаясын көпшілік біледі. Елдің елеулі тұлғаларына айналған бұл жұпқа кезінде қызыға қараған жандар көп болған. Алайда сырт көзге барлығы тәтті көрінгенімен, әр отбасының өз құпиялары болады. Мәселен, Мақпал Жүнісова кезінде жарының қалауымен достарымен ара-қатынасын үзуге мәжбүр болған. Себебі Заманбек Нұрқаділов “не мені, не достарыңды таңда” деп қатаң талап қойған көрінеді.

“Бір күні құрбыларымды шақырайыншы деп Зәкеңнен рұқсат сұрадым. Жарайды деді. Зәкең бізді тексергісі келді ғой деймін. Қыздармен танысып болған соң: “Өздерің отыра беріңдер, демалыңдар, мен кедергі болмайын”, – деп кабинетіне кетіп қалды. Ол кезде Зәкең қаланың бастығы ғой. Біз деген оның барын да ұмытып кеттік. “Ахаха-хихихи” деп әңгімені соғып, анекдотты айтып, бай жайына қалған… Үш-төрт сағат отырдық, кеш батып кетті, Зәкең ертең жұмысқа баруы керек дегенді ойламайсың. Достарыммен кездескеніме мәз, рахаттанып отырмын ғой. Зәкең де үндеген жоқ.


Ертесіне айтты: “Жануля, сен мына достарыңмен араласпауың керек. Сенің достарыңа ұқсамайды-ау”, – деді. Сосын мен шамданып қалдым. Сол-ақ екен: “Сенің жалғыз досың мен ғой. Бұл қыздар неге осы жасқа дейін күйеуге шықпай жүр? Сен қазір анау-мынау адам емессің, менің жарымсың. Мен олармен араласқаныңды қаламаймын. Егер достарымды қалаймын десең, кете беруіңе болады“, – деді. Зәкеңнің қатты айтқан сөзі сол болды. Содан әрі ойланып, бері ойланып, қой құрысын бай керек қой дедім. Достарыммен қоштасуға тура келді”, – деп жастық шағын еске алды Мақпал Жүнісова.

Мақпал Мұхамедиярқызының айтуынша, Заманбек Нұрқаділов өзіне қарсы сөйлеген әйелдерді ұнатпаған.

“Сондықтан да ол кісінікі дұрыс болса да, бұрыс болса да, “сіздікі дұрыс” дей беретін болдық. Алайда бәрі керемет болды деп те айта алмаймын. Мен де тік мінезді адаммын, айтып тастайтынмын. Бастапқы екі жыл ит мен мысықтай өмір сүрдік”, – деп ағынан жарылды Халық артисі.