Бұл туралы Stan.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мақсат Базарбаев топтан кеткен соң 9 ай бойы күйзелісте болған. Көпкедейін қиналып, Кенжебекті ең алғаш көрген кезде жиналу керектігін түсінген.Осы сәттен бастап өзін-өзі қолға алып, жеке шығармашылығын дамытуға кіріскен.
“Өнер болған соң барлығы да болады. Мүмкін бұл топта жүре берсем, халық бізден жалығып кетер ме еді?! Мерейтойда Сәкен, Мейрамбек үшеуіміз ең алғашқы әндеріміздің бірін орындадық. Ол Мұқағали Мақатаевтың “Сенің көзің” атты әні болған. Бойымды сағыныш оты кернеп, уақыт 15 жыл артқа жылжығандай болды. Құдды 25 жасымыз қайта келіп жатқандай. Ол кезде от едік қой. (Күлді.)
Бір шетінен Музарттан кеткенім де дұрыс болды. Себебі, отбасыңмен, ата-анаңмен жайшылықта қыдырып, көшеде еркін жүргің келеді. Музартта жүріп ешуақытта жұлдыз ауруымен ауырған емеспін. Мен бұл ауруды мектеп қабырғасында басымнан өткерген едім”, – дейді Мақсат Базарбаев.
Көпшілік сол уақытта әншіні Мейрамбекпен сыйы жараспай кетті деп ойлаған-ды. Базарбаев аталған арнаның тілшілеріне болған жайды ашып айтты.
“Білмеген адамдар әртүрлі айтып жатады. Мен бар болғаны өзімнің жеке шығармашылығымды жалғастырғым келді. Арамызда ешқандай ұрыс, түсініспеушілік болмады. Әрине, көкейімде өкініш бар. Өкінбейтіндей тас жүрек емеспін ғой. Қарым-қатынасымызда еш сызат жоқ. Әлі күнге дейін қуанышымыз бен қайғымыз ортақ”, – дейді әнші.
Алайда әріптесі Сәкен Майғазиев оның бұл сөздерін жоққа шығарғандай болды.
“Бұл топтың ортақ шешімі болды. Аспаннан түскендей болмай-ақ қояйын. Сол кезде біреулер біреуді жазғырып та, кінәлап та жатты. Оның барлығын Алла көріп тұр. Солай болуы керек болғандықтан болды. Бұдан Мақсат та, Мейрамбек те хабардар”, – дейді Сәкен Майғазиев.