Мораторий аяқталғанына қарамастан Алматыда жанармай бағасы тұрақты

Caravan.kz медиа порталының тілшісі талдау жасады. 

Қазір жанармай бекеттеріндегі баға бір қалыпта тұр. Сарапшылардың айтуынша, мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған бақылау және жанармай қорының жеткілікті болуы тұтынушылар мен сала мүддесі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Тіпті баға көтерілген күннің өзінде, Қазақстан бензин бағасы ең қолжетімді елдердің бірі болып қала береді. 

Атап айтқанда, АИ-92 бензинінің литрі 213–239 теңге аралығында, ал дизель отыны 317–337 теңге көлемінде белгіленген. Ал АИ-95 бағасы баяу болса да өсіп келеді. 

Ірі қалалар ішінде Шымкентте баға ең қолжетімді: мұнда АИ-95 литріне 300 теңге, ал АИ-92 — 225 теңге төңірегінде. Елордада көрсеткіш жоғарырақ: 95-ші бензин шамамен 310 теңге, ал 92-сі — 237 теңге. Алматыда жанармай бағасы салыстырмалы түрде қымбат: кейбір бекеттерде АИ-95 бағасы 323 теңгеге дейін жетеді, ал АИ-92 шамамен 240 теңгеге жуық. Дизель отыны ел бойынша орта есеппен 330–335 теңге деңгейінде.

Баға өсімі бақылауда

Бірқатар жанармай желілерінде бағалардың белгіленген дәліздің жоғарғы шегіне жақындап келе жатқаны байқалады. Сарапшылардың пікірінше, бағалардың бірден қымбаттауы болмайды, себебі мемлекет нарықты бақылауды жалғастырып отыр.

«Энергетика министрлігі ай сайын шамамен бір теңге көлемінде өсім болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осылайша мемлекет нарыққа араласып отыр. Бір жағынан, бұл халықтың қалтасына салмақ түсірмеу үшін қажет, екінші жағынан, мұнай өндіруші компанияларға кен орындарын дамыту үшін қайта инвестиция жасауға мүмкіндік береді», - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов 31 арнаға берген сұхбатында.  

Нарықтағы жағдай және қор көлемі

Алдағы өзгерістер Ресей нарығымен байланысты болуы мүмкін. Себебі ол жақта жанармай бағасы Қазақстанмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға қымбат. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Қазіргі уақытта елде тапшылық жоқ.

«Қазіргі таңда елімізде 600 мыңға жуық тонна бензин және 600 мың тонна дизель отыны бар. Бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен өңірлік әкімдіктер жанындағы штабтар нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр», - дейді энергетика вице-министрі Санжар Жәркешов. 

Қазақстан жанармай бағасы қолжетімді елдердің қатарында қала береді. GlobalPetrolPrices деректеріне сәйкес, елімізде АИ-95 бензинінің орташа бағасы литріне шамамен 50 центті құрайды.

Сaravan.kz медиа порталының тілшісі анармай нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастырады.