Батырхан елге алғаш саксофоншы ретінде танылған еді. Кейін әншілікке бет бұрды. Ол жыл сайын мамыр айында туған күніне орай шығармашылық кешін өткізетін. Музыкант биыл да соған қызу дайындық жүргізіп жатқан еді. Бірақ бүгін аяқ астынан Мәскеуден Батырхан Шүкенов «қайтыс болды» деген қаралы хабар жетті. Әншінің жүрегі сыр берген екен. Марқұмның денесін Алматыға жеткізуге інісі Бауыржан аттанып кетіпті.
Роза Рымбаева, ҚР Халық артисі:
-Мен Мәскеуге аттанып барамын, жұмыстарыммен деп еді. 40 жылдық есеп беретін концертімізде бірге шығамыз деп келіскенбіз. Батырхан студент кезінен бастап, менің туған бауырымдай болып, бірге 10 жыл еңбек еттік.
Музыкант 1962 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бала күнінен музыкаға әуестігі ақыры оны Алматыға жетеледі. Осында консерваторияға түсіп, «Арай» ансамбліне саксофонист ретінде қабылданды. Десе де нағыз танымалдылыққа 90-шы жылдары «Алматы Студио», яғни әйгілі «А-студио» тобын құрғанда жеткен. Ресей эстрадасын да бағындырып, «Джулия» бастаған біраз хитті жарыққа шығарды.
Топтан тарлық көрген жоқ. Десе де 2000 жылы Батырхан жеке әншілікке бет бұруды ұйғарады. Қазақстанға қайта оралып, «Отан-ана», «Сағым дүние» сынды қазақ әндерін тыңдармандарына ұсынды. Кезінде оның өнеріне талай әнші еліктеген.
Медеу Арынбаев, әнші:
-Бұл күтпеген жағдай. Батырхан ағаны әрқашан үлгі тұтып келдік, келеміз де. Оның жүріс-тұрысы, тұлғасы, дарынды екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Үлгі тұтқаным сонау бала кезімнен. Топта, ансамбльде ойнап жүрген кезімізде.
Батырхан өзге туралы болмаса, өзі жайында көп әңгіме айтпайтын. Шоу-бизнестегі шуларға да қатысы жоқ. Көбіне лирикаға, джаз стиліне жақын ән шығаратын. Тек таяуда Ресейдегі «Один в один» деп аталатын пародиялық шоуға қатысып, көпті актерлік қырымен де тәнтті еткен еді.
- Жизнь и смерть. Грань между ними невидима. Как невидимо наше дыхание. Вот оно есть, и вот его уже нет. Человек приходит в этот мир на короткое время и потом уходит из него навсегда.
Бұл- әншінің таяуда айтқан әңгімелерінің бірі. Өмір мен өлім жайлы. Жақындарыда да оның соңғы уақытта аздап шаршап, денсаулығы сыр беріп жүргенін біліпті. Тума таланттың өнеріне табынушылар таңнан бері Республика сарайынының алдында Батырханға арнап гүл-шоқтарын қоюда. Ал музыкантпен қоштасу рәсімі жұма күн Алматыда Қазақ мемлекеттік филормониясында өтеді. Әкесімен қоштасуға Шүкеновтың артында қалған жалғыз тұяғы - 13 жасар ұлы АҚШ-тан келе жатыр.
Loading...