Мас күйінде көлік тізгіндеген мүгедектер мен жүкті әйелдер төлейтін айыппұл белгіленді

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әлібек Қеңіспаев мәлім етті.

«Бізде Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексінің 467-ші бабына өзгерту енгізіліп, мас күйінде көлік айдағандарға қолданылатын жаза күшейтілді. Бірақ, әкімшілік тұтқындауға болмайтын жүргізушілер категориясы бар. Мәселен, жүкті әйелдер мен мүгедектер. Олар 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл аз ақша емес», - деді ол сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында.

А.Кеңіспаевтың айтуынша, «заң бұзушылықтың жаңа түрі енгізіліп отыр. Болашақта «мүгедектерге арналған орындарға көлігін қаңтару немесе тоқтау» деп аталатын норманы бұзғандар 50 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

«Аталған заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл 75 АЕК дейін өсірілмек», - дейді басқарма бастығы.


Жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында еліміз бойынша жүргізушілерге 3,6 млрд теңгеге 422 мың айыппұл салынған.

«Бүгінгі таңда 270 мың айыппұл төленді», - дейді ол.