Криминалдық полиция бөлімінің қызметкері Жігер Хамзин рұқсат етілмеген жерге көлігін қаңтарған. Әкімшілік хаттама толтырмақ болғанда жол-патрульдік полициясының қызметкерлері оның удай мас екендігін байқапты. Құжат көрсетуді талап еткенде әріптестеріне капитан қарсылық көрсетіп, «Мерседесімен» із суытпақ болған. Онда да жүруге тыйым салынған көшемен безіпті. Жолай екі әйелді қағып кеткен оның машинасы ағашқа соғылып барып тоқтаған. Жеңіл жарақат алған тұрғындар қазір үйлеріне жіберілген. Айта кетейік, өткен аптада ғана үш көлікті соққан полиция полковнигі Владимир Зиборов та жұмыстан қуылған болатын. Енді 27 жастағы капитан да оның тағдырын қайталап отыр.
Мәдина Балғашұқова, СҚО ІІД баспасөз хатшысы:
- Тәртіптік кеңестің шешімімен полиция капитаны Жігер Хамзин ішкі істер органдарынан қызметтен босатылды. Соққы жасау фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып, заңмен көзделген шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.