Мас жүргізушінің кесірінен 3 бірдей адамның өмірі қиылды

Оқиға қас қарайғанда қала орталығындағы Бекзат Саттарханов көшесінде болды. Алаңсыз әңгімелесіп отырған 20 жастағы қос құрбының орындығына кенеттен Мерседес келіп соғылған. Екі бойжеткен сол жерде тілге келмей көз жұмды. Алған ауыр жарақатынан машина ішіндегі жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, ол да ақыры ес жимастан бақилық болды.

Қанат Мырзаханов, Оқиға куәгері:

- Бір қыз мына жерде тұрған еді.Бірақ ол кезде ол тірі еді, сөйлеп жатқан. Кейіннен мына қызды көрмедік. Әкесін көріп қалды, жерді қазбалап жатқан. Кейін әкесі көргеннен кейін көршілермен машинаны тартып алдық . Көп тарта алмадық, арасы жарты метр.

Астанада тұратын 20 жастағы Ақтоты Өскенова апат болардан жарты сағат бұрын ғана Шымкенттегі ата-анасына келіпті. Ал Қымбат Тұрғын құрбысымен есігінің алдында жолығып, сөйлесіп тұрған. Бұл қос бойжеткеннің  соңғы кездесуі екен. 


Қанат Досханов, марқұм Қымбат Тұрғынның ағасы:

- Оның істеген ісіне Алла өз жазасын берер. Бірақ заң алдында қатаң жауап  жаза берілсін.

Ал 3 адамның өліміне себепкер болған 26 жасар жүргізуші удай мас екен. Онысы сараптама барысында дәлелденген. Қазір ол жазасын күтіп абақтыда жатыр.