Машина жасау өнеркәсібі саласының үш жобасы іске қосылды

«Вастокмаш» зауыты баяғыдан келе жатқан зауыт еді. Бірақ тоқырауға түсіп қалған болатын. Қазір қайтадан жаңарып, жанданып, зауыттың жұмыс істей бастағанына қуаныштымын. Шу локомотив зауыты да өте қажет еді», деп атап өткен Мемлекет басшысы мұнайгаз секторына қажетті жабдықтар шығаратын зауыттың да іске қосылғандығына ризашылық танытты.

Біріншісі Шу қаласында орналасқан Маневрлік тепловоздар өндірісі. Жаңа өнім шығару үшін зауыт қайта жаңғыртылды. Өндірістегі қазақстандық мазмұн болашақта 51 пайызды құрайды. Тепловоздарға жаңа қауіпсіздік локомотив құрылғылары орнатылды. 2016 жылға қарай зауыт жылына 50 тепловоз шығарады. 110 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ал мұнай өнеркәсібінің механикалық өңдеу өндірісін жаңғырту жобасы Петропавл қаласында жүзеге асырылуда. Жоба құны 1 млрд. 498 млн.теңге. Жоспарланған жылдық өнім 7,5 мың жиынтық. «Өнімділік -2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның даму банкі» арқылы жоғары технологиялы құрал-жабдық алынды. Жаңа компьютерлік бағдарлама өнімнің дәлдігін қамтамасыз етеді. Озық технологияның арқасында өндірістік цикл 80 пайызға қысқарып, механикалық өңдеу бойынша өнімділік 5 есе артады. Жылына 10 млн. теңгенің электр қуаты үнемделеді.

Үшінші жоба Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокмаш» зауыты аумағында орналасқан. Аталған өңірде болат вагон құймалары өндірісі іске қосылды. Өндіріс жылына 4 000 вагон жиынтығын шығарады. Нәтижесінде вагон құймалары тапшылығын азайтып, өнім сапасын арттырады. Кәсіпорында 456 жаңа жұмыс орны ашылады.