Мәсімов электр қуаты саласындағы тариф түзу және ресурс үнемдеу технологияларын дамыту жөніндегі заң жобаларын жасауды қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды

"Электр қуаты мәселелеріне қатысты заң жобаларының топтамасын қыркүйекте парламентке ұсыну үшін үкіметтің отырысына шілде айында енгізуді тапсырамын", - деді Кәрім Мәсімов.

Заң жобалары орны толатын қуат көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы саласында нарықтық қатынастарды дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, электр қуатының және ілеспе қызметтердің 2015 жылға дейінгі болжамдық баға деңгейін бекіту көзделген.

ҚР ЭМРМ Сауат Мыңбаевтың түсіндіргеніндей, бұл құжаттарды жылдамдата қабылдау электр қуатының айрықша тапшылығы проблемасын шешу мен электр желілерін модернизациялау үшін қажет. Қазақстанда 2002 жылдан бері электрді тұтыну көлемі отыз пайызға өссе, оны өндіретін кәсіпорындар саны небәрі 3,5%-ға өскен. Қазіргі бар станциялардың резерві толық дерлік түгесілгендіктен, экономикаға, соның ішінде өнеркәсіпке электр қуатының жеткізілімі шектелген жағдайда жұмыс істеуге тура келмек.