Премьер-министр тараптарға Қазақстан Республикасының ұлттық ветеринарлық қызметінің құрылымын, сондай-ақ оның республика аумағында жануарлар өнімдерінің қауіпсіздігі мен эпизоотиялық қолайлы жағдайды қамтамасыз етудегі рөлін таныстырды.
К. Мәсімов ДЖДСҰ-ның қызметі аясында үйлестіру және көмек көрсету Қазақстанға ветеринария жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.
Сондай-ақ тараптар Қазақстанның ДЖДСҰ-ның қызметіне қатысу перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, Еуропа және Орталық Азия елдері үшін Қазақстанда халықаралық конференциялар мен кездесулер ұйымдастыру және өткізу мүмкіндігі сөз болды.
Премьер-министр кездесу барысында айтылған проблема Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында ветеринария саласында дұрыс стратегия мен тактиканы таңдап алуда елеулі көмек болатынына тоқталды.