Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Тұрғындарға қоғамдық орындарда, қызмет көрсету, демалысқа арналған үй-жайларда бетперде тағу жөніндегі талап сақталады", - деді Есмағамбетова ОКҚ-нің онлайн-брифингінде.
Оның айтуынша, карантин шараларын төмендетудің бірінші кезеңінде ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және басқа да іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салу әлі де сақталады.
"Кеше комиссия отырысында халықтан көптеген сұрақ келіп түсті. Біз карантин шараларын жеңілдетсек, онда барлық нысанның қызметіне және барлық ойын-сауық шарасын өткізуге рұқсат береміз деген қате пікір бар. Тағы бір рет айтқым келеді, халықтың жиналуы және инфекцияның жұғуы мен таралуы тұрғысынан өте қауіпті барлық іс-шараға тыйым салынады", - деді Есмағамбетова.
Оның айтуынша, түнгі және ойын клубтары, бар, караоке, фуд-корт, кинотеатрлар және балалар мен ересектерге арналған барлық ойын-сауық орындарының жұмысына тыйым салынады.
Діни нысандар, мәдениет орындары, мұражайлар, бассейн, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктер жұмыс істемейді, конференция, көрмелер мен форумдар өткізуге де тыйым салынады.