Павлодардың той десе ашылып шашылатын әкімдігі биыл ЖОО-ға бес-ақ грант бөліпті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Журналист Оңғар Қабден шенеуніктерге шүйлікті.
Қаныш Сәтпаев бастап, 47 академик шыққан өңірдің бес грант қай жыртығын жамайды?
Павлодар өндірісті аймақ. Зауыттарға инженер маман жетіспейді. Зауыттар тұрмақ қарапайым мұғалім мен дәрігер жоқ. Есесіне Байханов мырза Олимпиадада жеті адам жүгіріп жетінші келген, алты адам жүгіріп алтыншы келген Сафроноваға екі миллион беріп, Парижге шығарып тастады. Ол екі миллионға бір шәкірттің төрт жылдық оқуын төлеуге болушы еді.
Келесі апта Баянауылда Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы дүркіреп тойланады. Сол ұлы ғалымның атында әкімдік 125 балаға грант бөлуге болады ғой!
Мысалы, Абай облысы биыл 200 балаға грант бөлген. "Айдағаның бес ешкі ысқырығың жер жарады" деген сөз Павлодар облыстық әкімдігіне дәл келіп тұр!