Мәскеуде ЕурАзЭҚ-тың жанындағы тұрақты өкілдер комиссиясының отырысы өтуде



Күн тәртібінде қоғамдастыққа мүше алты елдің интеграциялық ықпалдастығына қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы қаралады. Атап айтсақ, өзара инвестицияларды қорғау және ынталандыру, сондай-ақ, техникалық реттеу, санитарлық, мал дәрігерлік және фитосанитарлық шаралар саласы бойынша ЕурАзЭҚ-тың ақпараттық жүйесін құру, қоғамдастықтың шекаралық мекемелерінің сыртқы шекараларда дағдарысты ахуалдар туындаған жағдайдағы ықпалдастығы туралы келісімдердің жобасы талқылануда.

Отырысқа қатысушылар ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің отын-энергетикалық кешендерін 2020-жылға дейін дамыту стратегиясының жобасын жасау төңірегінде пікір алмасып, Кедендік одаққа мүше елдердің сыртқы шекараларындағы өткізу бекеттерін жайластыру жөніндегі 2001-2005-жылдарға арналған бірлескен мақсатты бағдарламаның жүзеге асырылу барысын сарапқа салады.

Отырысқа ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы Григорий Рапота қатысуда.