Бірлескен күрес стилдерінің халықаралық федерациясы (ФИЛА) кезекті конгрес мен Әлем чемпионатын Мәскеуде өткізу туралы шешімді былтыр қыркүйек айында Данияның Хернинг қаласындағы басқосуда шығарған болатын. Бүгін Ресей астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен ертең ашылатын конгреске қатысатын делегациялар келіп жатыр. Ал жексенбі күні грек-рим күресі бойынша 55, 66 және 96 киләда бақ сынайтын балуандардың өтініштері қабылданып, медициналық тексеру мен салмақ өлшеу рәсімдері жасалады. Дүйсенбіде бұл байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын Асхат Құдайбергенов, Дархан Баяхметов пен Әсет Мәмбетов өздерінің алғашқы белдесулерін өткізеді. Келесі күні олардың қатарына Алмат Кебіспаев (60кг), Алхазур Оздиев (84 кг) және Нұрмахан Тінәлиев (120 кг), ал қыркүйектің 8-інде Роман Мелешин (74 кг) қосылады. Сәрсенбі күні сондай-ақ, әйелдер күресі бойынша бақ сынайтын балуандардың да күресі басталады. Онда Элеонора Абуталипова (48 кг) мен Татьяна Бакатюк (51 кг), қыркүйектің 9-да Айым Әбділдина (55 кг), Ольга Калинина (59 кг), Татьяна Захарова (63 кг), 10-ы күні Елена Шалыгина (67 кг) мен Ольга Жәнібекова (72 кг) кілемге шығады. Жұма күні еркін күрес шеберлерінің де сайысы басталады. Онда бірінші болып сынға түскен Аслан Жанахановтың (55 кг ) қатарына сенбіде Абылай Телтаев (60 кг), Қанат Бердиев (84 кг) пен Дәулет Шабанбай (96 кг), ал жексенбіде Ақжүрек Таңатаров (66 кг), Абдулхаким Шапиев (74 кг) және Марид Муталимов (120 кг) қосылады.