Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достастығына арналған сквер ашылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты шараның ашылу рәсімінде екі елдің әнұраны ойналды.

Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев, РФ Федерация кеңесі басшысының орынбасары Андрей Яцкин, консерватория директоры Александр Беляков, опера әншісі Мария Мудряк, композитор Ринат Гайсин, әнші Әлiшер Каримов қатысты.

— Бүгінгі күннің символдық мәні бар. Мәскеудің орталығында Қазақстан-Ресей достық скверін ашып жатырмыз. Бұл Мәскеудің көптеген скверлерінің бірі емес, бұл көпжылдық өзара сыйластық, шынайы сенім мен екі мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин арасындағы достықтың заңды нәтижесі. Оның символдық мәні біздің халықтарымыз арасындағы мәңгі достық, уақыт пен тарихпен сыналған, — деді Аида Балаева ашылу салтанатында.

Андрей Яцкин атап өткендей, сквер салу идеясын Мәскеу қаласының үкіметі ұсынды және ол Ресейдің Сыртқы істер министрлігі тарапынан қолдау тапты.

-Бұны Ресей мен достас Қазақстан арасындағы тату көршілік және стратегиялық қатынастар айқындайды. Сквердің басқа кезде емес, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге тарихи, мемлекеттік сапары қарсаңында ашылуы ерекше назар аударуға тұрарлық. Ертең Кремльде Владимир Путинмен келіссөздер өтеді. Біз осы сквердің халықтарымыздың достығы мен ортақ тарихының сақталуына қосылған үлес болады деп сенеміз, - деді ол.