Бұл туралы Қазақфильмнің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жетекші шетелдік дистрибуторлар, sales-агенттіктер, халықаралық баспасөз және фестивальдік іріктеушілер үшін Ресей және ТМД елдерінің жаңа киножобаларының көрсетілімі өткізілген жыл сайынғы халықаралық іс-шара 15-20 қазан аралығында өтуде. Red Square Screenings қатысушылары шараның серіктестері - Украина мен Қазақстанның жаңа фильмдерімен танысады. Кинобайқауда Украинаны Кинематография мәселелері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Екатерина Копылова, Қазақстанды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев таныстыруда.
Шара аясында киностудияның соңғы жылдары түсірген фильмдері «Жаужүрек мың бала» (режиссері Ақан Сатаев), «Ликвидатор» (режиссері Ақан Сатаев), «А-ға оралу» (режиссері Андрей Михалков-Кончаловский), «Сырлы орман» (режиссері Ахат Ыбыраев!, «Виртуалды махаббат» (режиссері Әмір Қарақұлов) көрсетілді.
Көрсетілім үшін таңдалған барлық картиналар соңғы жылдары түсірілген басқа да жүздеген ресейлік фильмдермен бірге видеокітапханада іс-шара өткізілетін күндері және жыл бойы онлайн режімінде қолжетімді болады.